Ұсыныстар беру үшін Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


с. 1


Ұсыныстар беру үшін

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
МЕМЛЕКЕТТІК ЖАЛПЫҒА МІНДЕТТІ БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТЫ

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім

Негізгі ережелер

ҚР МЖБС 2.003 - 2008


Ресми басылым

АСТАНА-2008



1 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы ӘЗІРЛЕГЕН және ҰСЫНҒАН
2 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 19 қараша 2008 жылғы №616 бұйрығымен БЕКІТІЛДІ және ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛДІ
3 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Жалпы орта білім. Негізгі ережелер. 2.003.-2007ж. ОРНЫНА ЕНГІЗІЛДІ
4 «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеудің, бекітудің және қолданылу мерзімдерінің тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1290 қаулысына СӘЙКЕС ДАЙЫНДАЛҒАН

Осы стандартты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің рұқсатынсыз ресми басылым ретінде толық немесе ішінара қайталауға, көбейтуге және таратуға болмайды.

Мазмұны




1.

Қолдану саласы

4

2.

Нормативтік сілтемелер

5

3.

Терминдер мен анықтамалар

5

4.

Негізгі ережелер

7

5.

Орта білім беру құрылымы

9

6.

Орта білім берудің мақсаттары

10

7.

Білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейлері бойынша күтілетін нәтижелер

12

8.

Орта білім берудің негізгі міндеттері




9.

Орта білім берудің базалық мазмұны

13

10.

Оқу жоспары және ең жоғарғы оқу жүктемесі

17

11.

Білім беру үдерісін ұйымдастыру

19

12.

Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау

22





ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАЛПЫҒА МІНДЕТТІ БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТЫ

Қазақстан Республикасы бастауыш,

негізгі орта, жалпы орта білім беру

Негізгі ережелер

______________________________________________________________

Енгізілу мерзімі: 2010.01.09

1. Қолдану саласы


1.1 Осы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (бұдан әрі - Стандарт) орта білім берудің ұзақ мерзімді сипаттағы мақсаттарын, қысқа мерзімді сипаттағы мақсат ретінде білім, білік, дағды, құзыреттер түрінде берілетін күтілетін нәтижелерді тағайындайды; орта білім берудің базалық мазмұнына, оқу жүктемесінің жоғары шекті көлеміне қойылатын талаптарды сипаттайды.

1.2 Осы Стандарт:

- бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын меншік формасына, типіне және түріне тәуелсіз орта білім беру ұйымдарына;

- орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламаларын іске асыратын педагог кадрларды даярлаудың оқу бағдарламаларын әзірлеуде жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарына;

- орта білім беру деңгейлерінің стандарттарын, жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындауда білім беру саласы мамандарына, ғылыми мекемелер мен оқу орындарына;

- педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеуде білім беру жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарына;

- білім алушыларды оқуға қабылдау материалдарын, кадрларды даярлаудың оқу бағдарламаларын әзірлеуде техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарына;

- орта білім беру ұйымдарын бітіру емтихандары мен жоғары оқу орындарына қабылдауды ұйымдастыру үшін бақылау-өлшеуіш материалдарын әзірлеу кезінде тестілеу орталықтарына;



- орта білім беру ұйымдарының дамуын басқаруда, білім беру сапасына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруда білім беру саласындағы өкілетті органдарына таратылады.


Ресми басылым

Осы стандарт орта білім беру ұйымдарының қызметін лицензиялау, аттестациялау кезінде білім беру саласындағы өкілетті органдарға, жұмыс оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын әзірлеуде және олардың орындалуына бақылау жасау кезінде білім беру ұйымдарына таратылады



2. Нормативтік сілтемелер

Осы стандартта келесі нормативтік құжаттарға сілтемелер пайдаланылды:

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 27.07.2007 ж, № 319-III ҚРЗ, Астана. Ақорда;

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, 11.10.2004 ж, № 1459.


3. Терминдер мен анықтамалар

Осы стандартта Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылды.

Сонымен қатар осы стандартта келесі сәйкес анықтамалар мен терминдер пайдаланылды:

3.1 Орта білім берудің базалық мазмұны: орта білім беру ұйымдарында олардың типтеріне, түрлеріне және меншік нысандарына қарамастан міндетті оқытуға тиісті орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі және үздіксіз білім берудің келесі деңгейлерінде білім алуға жеткілікті болып саналатын білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелеріне жету құралы болып табылады.

3.2 Базистік оқу жоспары: Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының құрылымдық бөлігі; орта білім мазмұнының инвариантты және вариативті компоненттері мен олардың қатынасын, оқу жүктемесінің көлемін бекітетін; типтік, жеке және жұмыс оқу жоспарының әзірлеуге негіз болатын нормативтік құжат.

3.3 Білім беру мазмұнынының базалық компоненті: оқу жоспарының инвариантты бөлігінде көрсетілген міндетті түрде оқытылуға тиісті білім салаларының құрамы және оқу пәндерінің тізімі.

3.4 Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары: білім берудің күтілетін нәтижелерін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын белгілейтін нормативтік құжаттар; білім беру процесінің барлық қатысушыларына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде, оқыту технологияларын таңдауда, күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді бағалауда, білім беру процесін басқаруда бағдар болып саналады; білім берудің барлық субьектілерінің өздігінен даму процесін реттеуге бағдарланған.

3.5 Оқытуды саралау: оқушылардың жеке және топтағы типологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру процесін ұйымдастыру; оқыту процесін ұйымдастырудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолдануды қарастырады.

3.6 Ұлттық бірыңғай тестілеу: орта білімнен кейінгі білім беретін немесе жоғары білім беретін оқу орындарына қабылдау емтихандарымен біріктірілген жалпы орта білім беру ұйымдарын бітірушілерді қорытынды аттестаттаудың бір нысаны.

3.7 Өлшеуіштер: білім алушылардың белгіленген бағалау өлшемдеріне, оқу жүктемесінің нормасы мен бағалау көрсеткішіне сәйкес оқу жетістіктері деңгейін айқындауға арналған оқу тапсырмалары.

3.8 Жеке оқу жоспары: орта білім беру ұйымдарының оқу жұмыс жоспарының негізінде әзірленіп, жеке оқушыға білім беруді ұйымдастыруға бағытталған нормативтік құжат;

3.9 Құзырет: білім алушылардың әлеуметтенуінің даярлық деңгейінен көрініс табатын білім берудің күтілетін нәтижелері олардың оқу және өмірлік мәселелерді шешудегі өнімді іс-әрекеттерін ұйымдастыруға ықпал етеді.

3.10 Базалық құзырет: өмірлік рөл арқылы көрінетін ұлттық деңгейдегі білім беру мақсаты.

3.11 Құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар: күтілген нәтижеге жету деңгейін анықтауға бағытталған тапсырмалар.

3.12 Таңдау курстары: қызығушылығы бойынша қосымша білім бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйымдастыру формасы; 5-10 сыныптарға арналған оқу жоспарының вариативті компонентінің құрамды бөлігі; білім алушылардың білім дайындығын кеңейтуге бағытталған.

3.13 Білім беру үдерісінің мониторингі: білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін ары қарай жетілдіру мақсатында білім беру үдерісінің жүзеге асырылу жағдайларын, нәтижелерінің өзгеру динамикасын жүйелі түрде бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жағдайды болжау.

3.14 Бағдарлы оқытуға бағыттау: анықталған білім беру пәндерін кеңейтіп, тереңдетіп оқытуды қамтитын 11-12 сыныптардағы оқыту формасы; бағдарлы оқытудың жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық және технологиялық бағыттарын ұйымдастыру қарастырылады.

3.15 Білім беру саласы: оқу нысаны бір оқу пәндерін қамтитын орта білім берудің базалық мазмұнын құрайды.

3.16 Білім берудің қосымша оқу бағдарламасы: орта білім беру деңгейіне сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың шегінен тыс білім беру мазмұнын айқындайтын білім беру бағдарламасы; вариативті бөлікте факультатив, таңдау курстары, қолданбалы курстар, білім алушылармен жеке сабақтар түрінде жүзеге асады.

3.17 Білім берудің күтілетін нәтижелері: білім беру мақсаттары білім беру кезеңінде тұлғаның біртіндеп дамуын көрсетеді. Оларды анықтауда негізгі бағдар базалық құзырет болып табылады.

3.18 Орта білім беру ұйымы: бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беру және қосымша оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын оқу орны.

3.19 Бағалау: білім алушылардың қол жеткізген нақты нәтижелерін белгіленген өлшемдер бойынша білім берудің күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі.

3.20 Портфолио: білім алушылардың оқу және әлеуметтік маңызды жеке жетістіктерін көрсету тәсілі.

3.21 Бағдаралды даярлық: 8-10 сыныптардағы білім алушылардың оқу бағдарын таңдауына мақсатты түрде педагогикалық қолдау көрсету; негізгі орта білім беру деңгейін бітіруші өз оқу әрекетінің негізгі бағытына қарай оқу бағдарын алдын-ала өз бетімен анықтауға бағытталған.

3.22 Мемлекет аралық бақылау: білім беруді ұйымдастырудың формасына тәуелсіз білім беру сапасыан бақылау жасау.

3.23 Бағдарлы оқыту: оқытуды даралау және саралау үдерісі, білім алушылардың қабілеттілігі мен икемділігін және олардың қызығушылығын ескере отырып білім беру үдерісін ұйымдастыру.

3.24 Оқу жұмыс жоспары: Орта білім беру ұйымдарында білім беру іс-әрекетін нақтылы ұйымдастыруға арналған нормативті құжат; оны білім беру ұйымы типтік оқу жоспары негізінде орта білім беру деңгейіне сәйкес өз бетінше әзірленеді және орта білім ұйымының педагогикалық кеңесінің шешімімен бекітіледі.

3.25 Мазмұндық желілер: білім беру салаларының пәнаралық және пәнішілік байланыстары негізінде айқындалған білім мазмұнының ірілендіріліп берілуі.

3.26 Тұлғаны әлеуметтендіру: әлеуметтік нормалар мен мәдени құндылықтарды меңгеру арқылы білім алушының қоғамдық-құндылықты қатынасын қалыптастыру үдерісі; оқу-тәрбие үдерісі мен білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады.

3.27 Типтік оқу жоспары: Білім беру ұйымдарының оқыту тілі (1-10 сынып) мен оқыту бағдарын (11-12 сыныптар) ескере отырып құрылған нормативтік құжат; орта білім беру деңгейіне сәйкес базистік оқу жоспары негізінде дайындалады.

3.28 Оқу курсы: білім салаларының мазмұндық желісін көрсететін оқу пәндерінің кешені.
4. Негізгі ережелер

4.1 Осы стандарт орта білім беруде жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің келісілген мүддесін танытады.

4.2 Осы стандарт негізінде мемлекет жалпыға мүмкін болатын, тегін орта білім беруге кепілдік береді.

4.3 Осы стандартты қолдану:

- білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге;

- күтілетін нәтиже түрінде белгіленген оқу жетістіктерін меңгеру деңгейіне міндетті талаптар қою арқылы білім сапасын арттыруға;

- білім беру саласындағы барлық субъектілерінің міндеттері мен құқықтарын реттеуге;

- балалардың денсаулығын қорғауды, тұлғаның жан-жақты дамуына, оның ішінде білім алушының қосымша білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдай туғызуды қамтамасыз етуге;

- орта білім беру ұйымдарының меншік нысанына, типіне және түріне қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етуге;

- орта білім беруді ұйымдастыру жұмысының тиімділігіне бақылау жүйесін құруға;

- білім беруді басқару ұйымдарының білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі іс-әрекеттеріне қажетті жағдай жасау үшін ұтымды бағалау ұйымдастыруға;

- орта білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатты ұтымды және тиімді пайдалануға;

- орта білім беру ұйымын дамыту үшін бюджеттен тыс бөлінетін қаржыны тағайындау мақсатын анықтауға бағытталған.

4.4 Осы стандарт мынадай аспектілерді қарастырады:

- қазақстандық мектептің озық дәстүрлерін сақтау мен орта білім беруді ұйымдастырудағы әлемдік тенденцияларды кіріктіру;

- білім берудің нәтижелерін пәндік білім, білік және дағдыдан құзыреттілік деңгейіне дейін кеңейту;

- барлық балаларға бірдей дәрежеде мүмкіндік жасау ұстанымын жүзеге асыру;

- орта білім беру құрылымын жас кезеңдеріне сәйкес ұйымдастыру;

- білім беру ұйымдарындағы инновациялық тәжірибені дамыту;

4.5 Осы стандарт:

- бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын әзірлеуге;

- бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлерінің оқу пәндері бойынша, оқу бағдарламаларын әзірлеуге;



- оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірлеуге;

- оқу пәндері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін өлшеуіштер жасауға;

- орта білім беруді ұйымдастыруда білім берудің күтілетін нәтижелеріне жетуге бағдарланған басқару жүйесін әзірлеуге;

- орта білім беру ұйымдарының мониторинг жүйесін әзірлеуге;

- педогикалық қызметкерлерге біліктілік мінездемелерін әзірлеуге;

- орта білім беру ұйымдарының оқу және тәрбие үрдісінің материалдық-техникалық, ақпараттық жабдықталуына бірыңғай талаптар тағайындауға;

- орта білім беру сапасын қамтамасыз етуге жағдай жасау жөніндегі білім беруді басқару органдарының іс-әрекетін бағалауға негіз болып табылады.

4.6 Орта білім беру мекемелері осы стандартта белгіленген күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін денсаулық сақтау ортасын қамтамасыз ететін әртүрлі әдістер мен педогикалық технологияларды қолдана алады.

4.7 Білім беру жеке тұлғаның сұраныстары мен мүмкіндіктерін ескере отырып күндізгі, кешкі (ауысымдық) сырттай және экстернат түрінде жүзеге асырылады.

4.8 Осы Стандарттың ережелері мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру стандарттары шеңберінде ашылып, нақтыланады.

4.9 Орта білім берудің әрбір деңгейлерінің (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру) Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары:

- сәйкес білім беру деңгейлерінің мақсаттарын;

- сәйкес білім беру деңгейлерінің білім беру салалары бойынша күтілетін нәтижелерін;

- сәйкес білім беру деңгейлерінің базалық мазмұнын;

- сәйкес орта білім беру деңгейлерінің базистік оқу жоспары мен типтік оқу жоспарларын анықтайды.
5. Орта білім беру құрылымы

5.1 Орта білім орта білім беру ұйымдарында үш деңгейде кезеңмен игеріледі.

Білім беру деңгейлері білім алушылардың өсу кезеңдерін, өзіндік мүмкіндіктерінің кеңеюін және жеке даму мүмкіндіктерін қолдануға жауапкершілігінің артуын көрсетеді.

Бірінші деңгей – бастауыш білім беру. Нормативтік оқу мерзімі – 4 жыл (1-4 сыныптар). Оқытуды бастаудың ұсынылатын жасы - 6 жас.

Екінші деңгей – негізгі орта білім беру. Нормативтік оқу мерзімі – 6 жыл (5-10 сыныптар).

Үшінші деңгей – жалпы орта білім беру. Нормативтік оқу мерзімі – 2 жыл (11-12 сыныптар).

5.2 Бастауыш білім беру деңгейінде білім берушілер мен білім алушылар арасында адам, табиғат, қоғам туралы алғашқы ұғымдар арқылы білім алушыға қоршаған ортаны түсінуге, ұғынуға, оны қабылдауға мүмкіндік беретін қолайлы педагогикалық орта құрылады; білім алушылар білім алу тәсілдерін игереді.

Білім берудің бастауыш деңгейінде оқыту:

- оқуға ынталандыруды;

- қоршаған әлем туралы алғашқы түсінікті;

- мектепке және өзіне позитивті қатынасты;

- білім алу қабілеттерін (тіл дамыту, қарапайым есептеу және т.б.);

- қарапайым әлеуметтік дағдыларды қалыптастыратын мектепке дейінгі даярлық жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.

5.3 Негізгі білім беру деңгейінде білім алушылардың бағдаралды даярлық негіздері құрылып, жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық дүниетанымы қалыптастырылады, білім алушылардың қоғамдық ортаға әлеуметтік-психологиялық бейімделуі, бейінді оқу бағыттарын таңдауы бойынша тұлғалық мүмкіндіктерін қалыптастыру жүзеге асырылады.

Негізгі білім беру деңгейінің білім беру мазмұны аяқталған және жалпы орта білім беру деңгейінде білім алуды жалғастыру үшін базалық болып табылады.

5.4 Жалпы орта білім беру деңгейінде білім мазмұнының кіріктірілуі мен саралануы негізінде жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық және технологиялық бағыттар шеңберінде бағдарлы оқытуды ұйымдастару арқылы білім алушыларға кәсіби бағдар беру қамтамасыз етіледі.

Білім алушыларға болашақ мамандықтары мен қабілеттеріне және қызығушылығына сәйкес оқытудың әдісі мен нысанын және деңгейін, жеке шығармашылық бағдарламаларды таңдап алу құқығы берілген.

Жалпы орта білім беру деңгейін бітіруші өзіне келесі білім беру деңгейі үшін қажетті әлем, қоғам және адам туралы жүйеленген түсініктерді, сонымен қатар коммуникативтік және танымдық іс-әрекет түрлерін меңгереді. Бейінді оқытудың таңдап алынған бағыты шеңберінде меңгерген пәндік білімі мен құзыреттері білім алушылардың әлеуметтік және кәсіби өзіндік анықталуына негіз болады.



6. Орта білім берудің мақсаттары

6.1 Білім беру қоғам өрлеуінің жетекші факторы және еліміздің дамуының стратегиялық ресурсы ретінде жаңа миссияны орындауға тиісті. Өмірдің өзгермелі жағдайында үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны болып табылатын орта білімнің құндылық мәні арта түседі. Білім құндылық, жүйе, үдеріс және нәтиже ретінде өскелең ұрпаққа жинақталған әлеуметтік тәжірибені беріп қана қоймай, сонымен қатар жасампаздық пен адами әлеуеттің дамуына мүмкіндік береді.

6.2 Білім берудің, соның ішінде орта білімнің құндылық мәні білім алушылардың қоғамдағы өз орнын табуға, өзін әлемнің бір бөлігі ретінде сезінуге жағдай жасайтын базалық құзыреттер түрінде берілген ұлттық деңгейдегі мақсаттармен нақтыланады. Олар бағдар ретінде әр адамның өз өмірін қалауға, қоғамдағы тіршілікке өзек болады, сондай-ақ орта білімнің жасампаздық рөлін күшейтуге негіз болады.

6.3 Базалық құзыреттер тұлғаның дамуы мен қалыптасуындағы білім берудің мәні мен орнын анықтайды және ұлттық деңгейдегі білім берудің жалпы мақсаттарының негізгі құраушысы болады. Базалық құзыреттер орта білім берудің мақсаттары мен міндеттерін анықтауға бағдар береді және ұзақ мерзімді сипаттағы күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылады.

6.4 Білім берудің жалпы мақсаты:

– мейірімді адам;

– бауырмал отбасы мүшесі;

– шығармашыл дара тұлға;

– жауапкершілікті азамат;

– салауатты және кемелденуші тұлға рөлдерін қамтитын базалық құзыреттілікті мақсатты түрде дамыту арқылы білім алушылардың үйлесімді қалыптасып дамуына саналы түрде өз өмірін ізгілендіруге ықпал ету.

6.5 Жалпы мақсат орта білім берудің мақсаты арқылы нақтыланады. Орта білім берудің мақсаты пәндік және түйінді құзіреттердің дамуы арқылы білім алушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына, алған білімін кез-келген оқу және өмірлік жағдаяттарда шығармашылықпен пайдалануына, өзін-өзі дамыту мен өзіндік басқаруға дайындауға мүмкіндік беруді қамтамасыз ету.

6.6 Түйінді құзірет білім алушылардың адамгершілік және этикалық нормаларға қарсы келмейтін жетістікті шешім қабылдау үшін танымдық және практикалық біліктері мен дағдыларын кіріктіруге дайындығын байқататын білім салалары аралығындағы қабілеттер болып табылады. Түйінді құзыреттер адамның адамгершілік құндылықтары мен ынталарын қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік және мінез-құлықтық әрекеттерінің дамуына, алғы шарт болады; әрбір білім салалары бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға қызмет етеді.

6.7 Түйінді құзыреттерге:

– ақпараттық құзырет;

– коммуникативтік құзырет;

– проблемалардың шешімін табу құзыреттері жатады.

6.7.1 Ақпараттық құзырет барлық білім беру салаларының күтілетін нәтижелерінде көрініс табады. Ақпараттық құзырет келесі компоненттерді қамтиды:

- оқу іс- әрекетін іске асыру үшін ақпараттарды іздеу, талдау және таңдап алу;

- оқу әрекетінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес таңдап алынған оқу материалдарын жіктеу;

- оқу іс-әрекетінде пайдалану үшін алынған ақпараттарды өңдеу және өзгерту;

- өңделген ақпараттарды оқу іс-әрекеті үдерісінде қолдану.

6.7.2 Коммуникативтік құзырет барлық білім беру салаларының күтілетін нәтижелерінде көрініс табады. Коммуникативтік құзырет келесі компоненттерді қамтиды:

- оқу және өмірлік міндеттерді шешу үшін ауызша және жазбаша қарым-қатынас жасаудың әртүрлі тілдік құралдарын пайдалану;

- коммуникативтік міндеттерді шешуге сәйкес келетін стильдер мен жанрларды таңдау;

- оқу және әлеуметтік-мәдени жағдаяттарда өнімді қарым-қатынастар жасауды іске асыру;

- коммуникативтік іс-әрекетке қатысына өзіндік баға беру және соның негізінде түзетулер енгізу.

6.7.3 Проблемалардың шешімін табу құзыреті барлық білім беру салаларының күтілетін нәтижелерінде көрініс табады. Проблемалардың шешімін табу құзыреті келесі компоненттерді қамтиды:

- проблемаларды айқындау және іс-әрекет мақсаттарын белгілеу, қабылданған шешімді жүзеге асыруға қажетті жағдайларды анықтау;

- оқу әрекетін және мәдени мінез-құлық нормаларын ескере отырып жоспарлау;

- қойылған мақсат пен міндетке сәйкес технологияларды таңдау негізінде іс-әрекетті ұйымдастыру;

- ұйымдастырылған әрекет пен оның нәтижелерін рефлексиялау және бағалауды іске асыру.

6.8 Пәндік құзыреттер білім беру салаларының мәні мен орнын анықтайтын мақсат болып табылады және күтілетін нәтижелерді анықтауда бағдар береді.

Пәндік құзыреттер білім алушылардың кең ауқымды әрекеттерін қамти келе, олардың келесідей қабілеттерін сипаттайды:


  • қоғам қажеттілігіне сай ана тілінде және басқа тілдерде қарым-қатыныс жасауға ынталы болуы;

- кең ауқымды мағынада математикалық сауаттылыққа ие болу сонымен қатар жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдана білуі;

- адамның табиғаттағы ролі мен орны тұрғысынан әлемнің ғылыми сипатын түсінуі;

- өз халқының өткен тарихын білу, отбасында, қоғамдастықта және басқа адамдармен қарым-қатынаста жалпыадамзаттық және әлеуметтік мәдени құндылықтарға өз көзқарасын білдіре білуі;

- қазақ халқының мәдениетін, Қазақстан халықтарының және әлемнің мәдени көптүрлілігін түсіну және бағалауы;

- өзінің бәсекелестік қабілетін арттыру үшін өзін-өзі билеуге және кәсіби өсуге ынталы болуы;

- өзінің дене күш қуатын, ақыл-ой қабілетін және жалпы өмірлік әрекетін жоғары деңгейде ұстап тұру үшін салауатты өмір салтын сақтауы жатады.


7. Білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейлері бойынша күтілетін нәтижелер

7.1 Білім берудің күтілетін нәтижелері – бұл біріншіден, оқыту циклдары бойынша тағайындалған қысқа мерзімді мақсаттар жүйесі, екіншіден, оқытудң нақты кезеңдеріндегі жоспарланған соңғы «өнім» болып табылады.

7.2 Әрқайсысының ұзақтығы 2 жылды қамтитын 6 оқыту циклы белгіленген. Әрбір циклдың соңында білім алушыларды мақсатқа жетелейтін күтілетін нәтижелер ұсынылған.

7.3 Күтілетін нәтижелер түйінді және пәндік құзыреттердің бірігіп, бірін-бірі толықтырып біртұтас болуын көрсетеді. Олар білім алушылардың әрбір түйінді құзыреттер аясында пәндік білім, білік, дағдыларын және өмірлік тәжірибелерін кіріктіруге дайындығын сипаттайды.

7.4 Күтілетін нәтижелер білім алушылардың оқу жетістіктерінің критерийлері болып табылады және өлшеуіштерді құруға негіз болады. Сонымен қатар олар білім берудің базалық мазмұнын анықтау үшін, білім алушылардың әртүрлі деңгейдегі сұраныстарына сәйкес, оның ішінде арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арналған оқу бағдарламаларының нұсқаларын құруға негіз болады.

7.5 Оқыту циклдары жинақтала келе, білім алушылардың жеке даму траекториясын құруға және олардың жетістікке жетелеудің әртүрлі тәсілдері мен жолдарын айқындауға мүмкіндік жасайтын көпдеңгейлі күтілетін нәтижелер жүйесін құрайды.

7.6 Күтілетін нәтижелердің көпдеңгейлі жүйесінің әрбір циклы білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейі ретінде белгіленгін. Бұл жүйе білім алушылардың оқу жетістіктерін бір цикл шеңберінде де, сондай-ақ орта білім деңгейлері аясында бір циклдан екінші циклға дейінгі динамикасын қадағалап отыруға мүмкіндік береді

7.7 Орта білім беруде білім алушылардың оқу жетістіктері 6 деңгейде қарастырылады:

Оқу жетістігінің 1-ші деңгейі – 1-2 сыныптарды;

Оқу жетістігінің 2-ші деңгейі – 3-4 сыныптарды;

Оқу жетістігінің 3-ші деңгейі – 5- 6 сыныптарды;

Оқу жетістігінің 4-ші деңгейі – 7-8 сыныптарды;

Оқу жетістігінің 5-ші деңгейі – 9-10 сыныптарды;

Оқу жетістігінің 6-ші деңгейі – 11-12 сыныптарды қамтиды.


8 Орта білім берудің негізгі міндеттері

Білім беру үдерісінде берілген мақсаттар мен күтілетін нәтижелер:

­­- білім алушылардың тұлғалық қалыптасуына, олардың рухани әлеуетін дамытуға, өзіндік әлеуетін анықтауға, өзін-өзі дара көрсете алуына, жеке дамудың траекториясын нақтылауға ақпараттық-білім беру кеңістігін құру;

- оқушының негізгі іс-әрекеті ретінде оқуға басымдық беретін оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға қажетті оқу-әдістемелік, кадр және материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуіне жағдай жасау;

- күтілетін нәтижелерге жетудің түрлі жолдары мен тәсілдерін айқындауға бағытталған шығармашыл ынталы істерге қолдау көрсету;

- білім беру субъектілерінің рухани-адамгершілік әлеуетін дамытудың шарты ретінде білім беру ұйымдарына тәрбие үдерісінің жүйесін шығармашылықпен ұйымдастыруға мүмкіндік беру;

- мектептің қоғамдық жасампаз-мәдени орталық болып дамытуының шарттарының бірі ретінде әлеуметтік серкітестік механизмдерін ендіру;

- білім беру үдерісін ұйымдастыруда қабілет деңгейлері мен білім алуға сұраныстары әртүрлі балалар үшін теңдей білім беруді жетекшілікке алатын инклюзивті ұстанымды дамыту;

- қол жеткен нәтижелер негізінде мектептің ары қарай дамытуын жоспарлауға бағдарлаушы басқару жүйесін құру міндеттерін шешу арқылы жүзеге асырылады.
9 Орта білім берудің базалық мазмұны

9.1 Орта білім берудің базалық мазмұны мақсаттар жүйесіне (түйінді және пәндік құзыреттер) жетудің құралы болып табылады.

Орта білім берудің базалық мазмұны келесі:

- тұлғаның және тұтастай қоғамның дамуына ықпал ететін жалпыадамзаттық құндылықтар мен адамзаттың жинақталған әлеуметтік тәжірибесін ескеру;

- балалардың психологиялық-физиологиялық даму заңдылықтарын ескере отырып, оны қазіргі қоғамның динамикалық сұраныстарымен теңестіру;

- білім алушылардың өз бетімен білім алуы және оны практикада қолдана алу біліктерін қалыптастыру мен дамыту талаптарына білім мазмұнынының құрамы мен құрылымының сәйкестігі;

- білім алушыларды ғылыми танымдық және өз бетімен зерттеу жүргізе алу тәсілдерін үйренуге жүйелі және мақсатты түрде бағыттау;

- білім беру мазмұнын ізгілендіруді қамтамасыз ету;

- білім алушылар жеке білім беру бағдарламаларын таңдау құқығын пайдалану үшін білім мазмұнының, оқытудың түрлері мен әдістерінің вариативтілігін қамтамасыз ету;

- білім алушылардың өзін-өзі тануын, өзінің ұлттық мәдениетін құрметтеуге және өзге мәдени бастауларға ашық ынта-ықыласын дамытуға тәрбиелеу тәрізді бағдарларды ескеру арқылы анықталады.

9.2 Орта білім берудің базалық мазмұны білім беру салалары бойынша берілген.

9.2.1 Бастауыш білім беру деңгейінің мазмұны «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану. Адам және қоғам», «Өнер және технология», «Дене шынықтыру» сияқты 5 білім салалары арқылы беріледі.

9.2.2 Негізгі орта білім беру деңгейінің мазмұны «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру» сияқты 7 білім салалары арқылы беріледі.

9.2.3 Жалпы орта білім беру деңгейінің мазмұны «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Технология», «Дене шынықтыру» сияқты 7 білім салалары арқылы беріледі.

9.2.4 Әрбір білім беру салаларының базалық мазмұны нақты оқу үдерісіні жобалаудың негізі ретінде оқу жетістіктерінің деңгейлері бойынша белгіленген күтілетін нәтижелерге білім алушыларды жеткізуу үшін әртүрлі пән мазмұнын кіріктіруге мүмкіндік береді. Нақтылы бір оқу үдерісін жобалауда оқу пәнінің базалық мазмұны білім салаларын өзара байланыстырушы ретіндегі келесі тақырыптарды қамтуы тиіс:

- қоршаған орта және табиғи әлемді сақтап қалу;

- жергілікті және ғаламдық экологиялық мәселелер: жай-күйі және шиеленісу салдары;

- өмір қауіпсіздігі және оны қорғау;

- ақпараттық технологияларды қолдану;

- Қазақстанның орнықты дамуына үлес қосу;

- мамандыққа үлес қосу (мамандық әлемі).

9.3.Білім беру салаларының базалық мазмұны бір-біріне жақын пәндердің мазмұндық бірлігін ірілендіруге, олардың бірін-бірі қайталауын болдырмауға бағытталған мазмұндық желілер негізінде құрылады.

9.3. 1 «Тіл және әдебиет» білім беру саласы.

9.3.1.1 «Тіл және әдебиет» білім беру саласын құрайтын оқу курстарын оқытудың жалпы мақсаттары:

- ұлттық және әлемдік әдебиеттердің базалық құндылықтарын меңгерген, өзін-өзі дамытуға және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасқа дайын, көп тілді жеке тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға;

- ана тілі және әдебиеті арқылы Қазақстан Республикасы халықтарының және әлемдік қоғамдастық мәдениетіне баулуға, гуманистік көзқарасты тәрбиелеуге;

- кез-келген өмірлік жағдайлардағы проблемаларды шешу үшін тілдік мүмкіндіктерді пайдалануды үйретуге;

- ана тілі және басқа да тілдердің стилистиалық және жанрлық ерекшеліктерін ескере отырып ақпаратты сақтау және классификациялау, талдау, жинақтау біліктерін дамытуға;

- ана тілін және қоғам қажеттіліктеріне сай басқа да тілдерді меңгеру негізінде коммуникативтік құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.

9.3.1.2 «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны ана тілі және әдебиет, екінші тіл және әдебиет, шет тілі оқу курстары арқылы жүзеге асырылады.


9.3.2 «Математика және информатика» білім беру саласы


9.3.2.1 «Математика және информатика» білім беру саласын құрайтын оқу курстарын оқытудың жалпы мақсаттары:

- қарым-қатынас жасаудың бір құралы ретінде логикалық, аналитикалық, инженерлік ойлауды қалыптастыруға және дамытуға;

- айналадағы дүниені түрлендірудегі математиканың және информатиканың рөлі жөніндегі түсініктерді қалыптастыруға;

- белгілі математикалық модельдердің көмегі арқылы күнделікті өмірге жақын проблемалық жағдаяттарды шешу біліктілігін дайындауға;

- табиғат құбылыстарын және қоғамдық процестерді сипаттауда математикалық және ақпараттық әдістерді пайдалану біліктілігін дамытуға бағытталған.

9.3.2.2 «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны математика, информатика оқу курстары арқылы жүзеге асырылады.

9.3.3 «Жаратылыстану» білім беру саласы

9.3.3.1 «Жаратылыстану» білім беру саласын құрайтын оқу курстарын оқытудың жалпы мақсаттары:

- адам мен оны қоршаған әлемнің біртұтастығы және бірлігі туралы түсінікті қалыптастыруға;

- берілген мәтіндегі коммуникативті міндеттерді шешу және өнімді өзара әрекетті жүзеге асыру үшін жаратылыстану-ғылыми білімнің негізін құрайтын табиғаттың фундаменталдық заңдарының маңызын меңгеруге;

- конструктивті шешім қабылдауға сонымен қатар нақты жағдаяттарда проблеманы анықтау үшін әрекет тәжірибесін және әдістерін, жаратылыстану-ғылыми білімдерін қолдануға;

- экологиялық мәдениет және әлеуметтік маңызды бағдарларды қалыптастыруға;

- қоршаған әлемнің ақпараттық ағымында бағдарлану үшін ақпараттық мәдениетті дамытуға бағытталған.

9.3.3.2 «Жаратылыстану» білім беру саласының мазмұны география, физика, биология, химия оқу курстары арқылы жүзеге асырылады.


9.3.4 «Адам және қоғам» білім беру саласы


9.3.4.1 «Адам және қоғам» білім беру саласын құрайтын оқу курстарын оқытудың жалпы мақсаттары:

- әрбір оқушының өзіндік ішкі әлемін жете түсінуге және өзіндік даралығын ұғынуға;

- тарихи ой-санасын, өткенді түсінуі мен зерделеуін, тарихи, құқықтық, экономикалық, саяси, әлеуметтік ақпарат көздерінің материалдарын оқи, талдай білуі және солардың негізінде тәуелсіз пайымдаулар құру, ақпараттанған шешімдерді қабылдауға;

- демократиялық қоғамның мұраттары мен құндылықтарын түсіну, отансүйгіштікке тәрбиелеу, әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастар жағдайында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру үшін коммуникативтік құралдарды таңдау және ұтымды қолдануға;

- жалпыадамзаттық, этномәдениеттік құндылықтар жүйесіне, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдаяттарға тұлғалық қатынасын анықтау, адамгершілік таңдауын жүзеге асыруға қажетті әлеуметтік құбылыстар мен оқиғаларды бақылау және бағалау біліктілілігін қалыптастыруға бағытталған.

9.3.4.2 «Адам және қоғам» білім беру саласының мазмұны өзін-өзі тану, қоғамдық білім негіздері, Қазақстан тарихы, жалпы тарих, оқу курстары арқылы жүзеге асырылады.


9.3.5 «Өнер» білім беру саласы


9.3.5.1 «Өнер» білім беру саласын құрайтын оқу курсын оқытудың жалпы мақсаттары:

- эмоционалдық сананың және эстетикалық талғамның дамуы, шығармашылық және көркемдік-эстетикалық әрекеттерінің негізгі дағдыларын қалыптастыруға;

- рухани мәдениеттің, тіршіліктің эмоциялық-құндылықтық ынталарының ажырамас бөлігі ретінде оқушының көркем мәдениетін қалыптастыруға;

- қазақтың және Қазақстанның өзге де халықтары мен әлемдік қауымдастықтың ұлттық және кәсіби өнерінің озық үлгілерін саналы түрде қабылдауға тәрбиелеуге;

- оқу және өмірлік проблемаларды шешу кезіндегі әрекеттер мен өмірлік жағдайын бағалау және рефлексия бағдары ретіндегі мәдени шығармалардың, табиғаттың, адамдардың және әртүрлі өмір құбылыстарының өзіндік құндылықтар түсінігін қалыптастыруға;

- коммуникативті және ақпараттық мәдениеттерді құрастырушы ретіндегі өнердің нақты түрлеріндегі практикалық іс әрекет тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған.

9.3.5.2 «Өнер» білім беру саласының мазмұны көркем мәдениет оқу курсы арқылы жүзеге асырылады.

9.3.6 «Технология» білім беру саласы

9.3.6.1 «Технология» білім беру саласын құрайтын оқу курсын оқытудың жалпы мақсаттары:

- күнделікті тәжірибедегі, қазіргі әлемдегі технологияның рөлі және орны туралы түсініктерді дамытуға;

- коммуникативті іс-әрекеттің құрамдас бөлігі ретінде графикалық мәдениетті, технологиялық ойлауды, жобалау әрекетін ұйымдастырудың негізін дамытуға;

- технологиялық және техникалық іс-әрекет саласында қолданбалы міндеттерінің проблемаларын қою және шешу тәжірибесін қалыптастыруға;

- ақпараттық шешімдерді қабылдауға және түрлі қызмет салаларында технологияларды пайдалануға дайындағына;

- еңбек нарығындағы қажеттілікті ескере отырып өз бетімен табысты іс-әрекет жүргізу дайындығына бағытталған.

9.3.6.2 «Технология» білім беру саласының мазмұны технология оқу курсы арқылы жүзеге асырылады.

9.3.7 «Дене шынықтыру» білім беру саласы

9.3.7.1 «Дене шынықтыру» білім беру саласын құрайтын оқу курсын оқытудың жалпы мақсаттары:

- тұлғаның денсаулыққа және өмір салтына деген негізгі құнды көз қарасын, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға;

- білім алушылардың күнделікті тәжірибеде салауатты өмір салтының дағдыларын қолдануы үшін алғышарттар мен жағдайлар туғызуға, әлеуметтік мәдени қарым-қатынаста коммуникативтік іс-әрекеттің көрінісі есебінде салауатты өмір салтын сақтауға;

- денсаулық сақтау бойынша жарияланған шешім қабылдауға, денсаулықты нығайту және сақтау үшін дене шынықтыруды ұйымдастырудың құралдары мен түрлерін, әдістерін меңгеруге;

- жоғары деңгейде дененің шынығуы мен жемісті ой еңбегін және жалпы қауіпсіздік негіздерін қамтамасыз ететін өмірлік маңызды білік және дағдыларын дамытуға бағытталған.

9.3.7.2 «Дене шынықтыру» білім беру саласының мазмұны дене шынықтыру, жалпы қауіпсіздік негіздері оқу курстары арқылы жүзеге асырылады.


10 Оқу жоспары және ең жоғарғы оқу жүктемесі

10.1 Орта білім берудің әрбір деңгейі бойынша білім мазмұнының құрылымы білім беру салалары мен оқу пәндерінің құрамы арқылы білім беру деңгейіне сәйке базистік оқу жоспарларында көрсетілген.



  1. Бастауыш, негізгі, жалпы орта білім берудің базистік оқу жоспары білім беру мазмұнының орта білім беру деңгейлері бойынша сабақтастық ұстанымын жүзеге асыруға ықпал етеді.

10.2 Базистік оқу жоспары білім беру мазмұнын қалыптастыруда білім беру ұйымдары мен білім беру саласындағы орталық атқарушы орган арасындағы жауапкершілік пен өкілеттілігін шектеп ажыратады. Шектеу білім беру мазмұнын инварианттік (базалық) және вариативті (мектеп және оқушылық) компоненттерге бөлу жолымен жүзеге асырылады.

  1. 10.3 Базистік оқу жоспарының сәйкес деңгейдегі инвариантты бөлімі орта білім берудің әрбір деңгейініндегі білім мазмұнының базалық компонентін құрайды.

  2. 10.4 Базистік оқу жоспарының инвариантты (базалық) бөлімінде білім беру салалары және оқу пәндері топтастырылған, барлық орта білім беру ұйымдары үшін, олардың типіне, формасы және меншік нысанына байланыссыз міндетті болып табылады.

Базистік оқу жоспарында пәндерді оқуға бөлінген оқу мерзімі вариативті оқу жүктемесінің есебінен көбейтілуі мүмкін.

10.5 Базистік оқу жоспарының сәйкес деңгейдегі вариативті бөлімі білім беру мазмұнының мектеп және оқушы компоненттері арқылы берілген.

Білім беру мазмұнының вариативті бөлімі нақты орта білім беру ұйымының өз ерекшелігін көрсетеді; мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартының инвариантты компоненті шегінен тыс білім беру ұйымында қосымша оқу бағдарламаларын жасауға және іске асыруға бағытталған.

Білім беру мазмұнының вариативті бөлімі білім алушылардың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, оның дамуының даралық сипатын қамтамасыз етеді; білім алушылар мен олардың ата-анасының білім сұраныстарын ескере отырып, білім беру ұйымы өз бетімен құрастырады.

10.6 Оқу жоспарының вариативті бөліміндегі мектептік компонент: 1) білім беру мазмұнын кеңейтіп, тереңдету мақсатында білім беру мазмұнының базалық компонентіне кіретін оқу пәндерін оқытуға; 2) факультатив сабақтар, таңдау бойынша курстар, қолданбалы курстар арқылы жаңа оқу курстарын немесе таңдау сабақтарының модульдерін енгізуге бағытталған.

Вариативті бөлімдегі мектеп компонентінің мазмұны оқуға міндетті болып табылады.

10.7 Оқу жоспарының вариативті бөліміндегі оқушы компоненті білім беру процесінде тұлғалық бағдарды қамтамасыз етуші оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда жаңа әдістер мен тәсілдерді жүзеге асыруға бағытталған. (жеке және топпен консультациялар, белсенді іс-қимылдар арқылы жүргізілетін сабақтар).

Вариативті бөлімдегі оқушы компонентінің мазмұны міндетті түрде оқуға жатпайды.

10.8 Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің базистік оқу жоспарларының негізінде орта білім беру деңгейіне сәйкес типтік оқу жоспары жасалады:

- қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік оқыту тілдерін еске отырып, бастауыш білім беруді ұйымдастырудың типтік оқу жоспарлары;

- қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік оқыту тілдерін ескере отырып, негізгі орта білім берудің ұйымдастырудың типтік оқу жоспарлары;

-қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттарындағы бейіндік оқытуды қарастыратын жалпы орта білім беруді ұйымдастыратын типтік оқу жоспарлары.

10.9 Оқу жоспарының вариативті және инварианты бойынша жалпы жүктемемен анықталатын білім алушылардың апталық оқу жүктемелерінің ең жоғарғы көлемі төмендегі мөлшерден аспауы қажет:

Бастауыш білім беру: 1сынып – 22 сағат, 2 сынып – 24 сағат, 3 сынып – 27 сағат, 4 сынып – 27 сағаттар.

Негізгі орта білім беру: 5 сынып – 29 сағат, 6 сынып – 32 сағат, 7 сынып – 33 сағат, 8 сынып – 34 сағат, 9 сынып – 36 сағат, 10 сынып – 38 сағаттар.

Жалпы орта білім беру: 11сынып – 39 сағат, 12 сынып – 39 сағаттар.


11 Білім беру үдерісін ұйымдастыру

11.1 Белгіленген мақсаттар мен күтілетін нәтижелер жүйесі әлеуметтік тәжірибені игеруді, жалпы адамзаттық құндылықтарды ой елегінен өткізуді, өмірдің мәнін және өзін-өзі қалыптастырудың маңызын қажеттіліктер ретінде түйсіну білім алушыларды әлеуметтендірудің негізін анықтайды.

11.2 Шартты түрде оқыту мен тәрбиелеу деп бөлінген білім беру үдерісі әлеуметтенудің нақты тәжирибесінде біртұтас үдеріс болып табылады және тұлғаның дүниетанымының дамуында, әлеуметтік қатынастары дағдысында, мінез-құлқының адамгершілік негіздерінде көрініс табады.

11.3 Әлеуметтендіру оқу-тәрбие үдерісі барысында оқыту мен тәрбиелеудегі бекітілген білім беру бағдарламалары негізінде, сондай-ақ білім алушылардың өздерін түсінуі мен өз өмірлеріне жауаптылықтарын қолдауға бағытталған қосымша бағдарламалар мен жобаларда; өзіндік және жалпы адамзаттық құндылықтарды түйсінуде; қоршаған ортамен жағымды қарым-қатынас жасауда; мектеп пен қоғамдық өмірде өз әлеуетін орынды қолдануда жүзеге асырылады. Мақсаттар мен күтілетін нәтижелер жүйесін негізге ала отырып, сыныптан және мектептен тыс әртүрлі іс-шаралар аясында білім алушылардың әлеуеттік мүмкіндіктерін ашу үшін педагогикалық ұжым мен қоғамның әлеуметтік ынтымақтасуы, олардың оқуда жетістікке жетуіне жағдай туғызуға мүмкіндіктері бар.

11.4 Білім беру үдерісін ұйымдастыру білім беру (мұғалімнің іс-әрекеті) мен білім алудың (оқушының іс-әрекеті) мақсаттарын ескере отырып, оқытудың денсаулық сақтау технологиясы негізінде жүзеге асырылады.

11.4.1 Оқытудың мақсаттары:

– білім беру салаларының мақсаттарын ескере отырып оқу үдерісін ұйымдастыру;

– оқыту, тәрбиелеу және дамыту міндеттерін шешуге бағытталған оқу үдерісін құрастыру;

– білім алушылардың оқу материалын меңгеру бойынша субъективті жаңа білім мен біліктерді өз бетімен алуға бағытталған іс-әрекетін реттеу;

– білім алушылардың дамуын ұйымдастыру үшін, олардың білімдік сұраныстарын\қажеттіліктерін қанағаттандыруға жағдай жасау;

– білім алушылардың қол жеткен нәтижелерінен, білім, білік және дағдылардың құндылық мәнін ұғынудан алған жағымды эмоцияларын ынталандыруға жағдай жасауды қамтамасыз ету;

– білім алушылардың білім кеңістігін кеңейту;

– оқыту барысында уақтылы түзетулер енгізу үшін ағымдық нәтижелерді бағалау.

10.4.2 Оқудың мақсаттары:

– өзін-өзі оқытуға, тәрбиелеуге және дамытуға қызығушылығы;

– оқу іс-әрекетін өздігінен ұйымдастыру және өздігінен басқару;

– оқу пәнінің білім, білік және дағдыларын меңгеру;

– түйінді және пәндік құзыреттерді игеру;

– өз қызығушылықтарына сәйкес жеке білім беру траекториясын құру;

– оқытудың ақпараттық құралдарының, оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендер мен бағдарламалық құралдардың мүмкіндіктерін пайдалану;

– іс-әрекет нәтижелеріне өзіндік баға беру және өзіндік түзету енгізу;

11.5 Орта білім беру ұйымдарындағы білім беру үдерісі оқу жылы көлемінде жүзеге асырылады.

Оқу жылы 4 оқу тоқсандарымен көрсетілген. Әр оқу тоқсанының ұзақтығы – 8 апта. Сабақ күнтізбелік жылдың 1- қыркүйегінде басталады. Оқу тоқсандарының арасындағы демалыстар төмендегідей бөлінген:

– І тоқсаннан кейін – 1 күнтізбелік апта;

– ІІ тоқсаннан кейін – 2 күнтізбелік апта;

– ІІІ тоқсаннан кейін – 2 күнтізбелік апта.

11.6 Сабақтың ұзақтығы:

Бастауыш білім беру: 1сыныпта – 35 минут, 2-4 сыныптарда – 45 минут.

Негізгі орта білім беру: 5-10 сыныптарда – 45 минут.

Жалпы орта білім беру: 11-12 сыныптарда – 45 минут.

11.7 Оқу аптасының ұзақтығы:

Бастауыш білім беру: 1-4 сыныптарда – 5 күндік оқу аптасы;

Негізгі орта білім беру: 5-7 сыныптарда – 5 күндік, 8-10 сыныптарда – 6 күндік оқу аптасы.

Жалпы орта білім беру: 11-12 сыныптар - 6 күндік оқу аптасы.

11.8 Бес күндік оқу аптасында 6-шы оқу күні жобалық-зерттеу жұмыстарына, спорттық-сауықтыру, шығармашылық және т.б. іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталады.

11.9 Осы стандарт талаптарын орындаған, оқу тоқсандары арасындағы белгіленген демалыс уақытының ұзақтығы мен санитарлық-гигиеналық нормаларды және оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру ережелерін сақтаған жағдайда оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың циклдік-блоктік жүйесін пайдалану ұсынылады.

11.10 Орта білім беру деңгейіне сәйкестендірілген типтік оқу жоспарына сай құрастырылған орта білім беру ұйымының жұмыстық оқу жоспары жалпы оқу жүктемесінің көлемінде, яғни орта білім беру деңгейіне сәйкес типтік оқу жоспарының инвариантты және вариативті бөліктерінің жалпы көлемінде қаржыландырылады.

11.11 Орта білім беру ұйымдарының барлық типтері мен түрлерінде оқу жоспарының инвариантты бөлігіндегі оқу пәндері бойынша оқу сабақтарын ұйымдастыру кезінде сыныптарды топтарға бөлу қалалық жерде сынып толымдылығы 25 және одан да артық білім алушылар; ауылдық жерде сынып толымдылығы 20 және одан да артық білім алушылар болған жағдайда жүзеге асырылады.

а) Екі топқа бөлу төмендегі пәндерді оқыту кезінде жүзеге асырылады:

– қазақ тілі – оқыту орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде жүргізілетін орта білім беру ұйымдарының 1-12 сыныптарында;

– орыс тілі - оқыту қазақ, өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде жүргізілетін орта білім беру ұйымдарының 2-12 сыныптарында;

– қазақ әдебиеті - оқыту орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде жүргізілетін орта білім беру ұйымдарының 5-12 сыныптарында;

– өзін-өзі тану – 3-12 сыныптарда;

– технология – 5-10 сыныптарда (қыздар және ұлдар топтары);

– дене шынықтыру – 5-12 сыныптарда (қыздар және ұлдар топтары);

– бағдарлы пәндер бойынша практикалық сабақтарды өткізуде – 11-12 сыныптарда;

– информатика пәні бойынша компьютермен өткізілетін практикалық сабақтарда – 3-12 сыныптарда;

б) шет тілдерін оқыту кезінде үш топқа бөлу – 3-12 сыныптарда;

11.12 Тілдерді, бағдарлы пәндерді оқытуға қажетті құралдар болған жағдайда толымдылығы аз сыныпты топтарға бөлуге болады.

11.13 Орта білім беру ұйымдарының барлық түрлері мен типтерінде факультативтер, таңдау курстары, қолданбалы курстар, жеке кеңестер және оқу жоспарының (мектептік және оқушы компоненттері) вариативті бөліміндегі басқа да оқу түрлерін өткізу кезінде 1-12 сыныптарда білім алушылардың топтарын ұйымдастыру көзделген. Топ толымдылығы – 8 адамнан кем болмауы тиіс.

11.14 Аз ұлттарға өз ана тілін оқыту 1-10 сыныптарда топтағы адам саны 10-нан кем болмаған жағдайда оқу жоспарының вариативті компонентінің оқу жүктемесі есебінен жүзеге асырылады.

11.15 Оқу жоспарындағы оқушы компонентінің оқу жүктемесі есебінен өткізілетін қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру, еңбек тәжірибесін өткізу білім алушылардың өз еркімен қатысуы негізінде орта білім беру ұйымдары Кеңесінде шешіледі.


12. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау

12.1 Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау сыртқы және ішкі бағалау түрлеріне бөлінеді.

12.2 Орта білім берудегі оқу жетістіктерін бағалау 6 деңгейде –2,4,6,8,10,12 сыныптардан кейін іске асырылады.

12.3 Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау баллдық жүйе және білім алушылардың тұлғалық жетістіктерінің бағасы негізінде (портфолио) жүргізіледі.



12.4 Оқыту нәтижелерін ішкі бағалау:

1) 1-2, 3-4, 5-6, 7-8, 9-10, 11-12 сыныптарда оқыту кезеңіндегі бағалауды (ағымдық бағалау);

2) 2, 4, 6, 8, 10, 12 сыныптардағы оқыту циклы аяқталғаннан кейінгі бағалауды (межелік, аралық бағалау);

3) 10 және 12 сыныптарда орта білім беру деңгейін аяқтағаннан кейінгі бағалауды (қорытынды бағалау) қамтиды.



12.5 Оқыту нәтижелерін сыртқы бағалау:

1) білім сапасын мемлекеттік аралық бақылау – 4 және 10 сыныптардан кейін оқу деңгейін аяқтау бойынша бағалауды;

2) ұлттық бірыңғай тестілеу – оқытудың күтілетін нәтижелері жетістіктерін 12 сыныптан кейін бағалауды қамтиды.

__________________________________________________________________

УДК378.02:372.8:006.354(574)
Түйінді сөздер: орта білім, білім беру саласы, білім берудің күтілетін нәтижелері, тұлғаны әлеуметтендіру, құзыреттер, құзыреттілік, білім берудің базалық мазмұны, оқу жоспары, оқу жоспарының инвариантты компоненті, оқу жоспарының вариативті компоненті, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жалпы білім берудің оқу бағдарламасы. __________________________________________________________________



с. 1

скачать файл

Смотрите также: