С. Торайғыров атындағы пму ғылыми кеңесі ұсынған Пікірсарапшы


с. 1
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Орындаушылық өнер кафедрасы

АСПАПТАНУ

«Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің дәріс жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау

Павлодар

Мазмұны
Кіріспе............................................................................................................3

1 Плектрлі аспаптар.........................................................................................4

2 Тілді аспаптар................................................................................................7

3 Ұрып ойналатын аспаптар............................................................................9

4 Ысқышты аспаптар........................................................................ ..............9

5 Музыкалық тұжырым тәсілдері.................................................... ............11

6 Фактураның негізгі түрлері........................................................................12

7 Шығармаларды оркестрге түсіру..............................................................13

8 Партитура.....................................................................................................14

9 Оркестр құрамының фактурасы................................................................14

Әдебиеттер...................................................................................................16

УДК 78. (07)

ББК 85. 315. 3 я 7

А88


С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кеңесі ұсынған
Пікірсарапшы:

Педагогика ғылымының кандидаты, доцент Сметова А. А.


Құрастырушы: У.А. Ажіғалиева
А88 Аспаптану жалпы дәріс сабақтарына арналған әдістемелік нұсқау / құрастырушы Ажіғалиева У.А. – Павлодар, 2006. – 16 б.

Әдістемелік нұсқау «Аспаптану» пәніне арналып, күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлерге жалпы дәріс сабақтарының курстық тақырыптарымен таныстырады.

Әдістемелік нұсқау «Аспапта орындау» ҚР МЖМБС 3.08.284 - 2006 мамандықтары бойынша жасалған бағдарламаның талаптарына сай жасалған.
УДК 78. (07)

ББК 85. 315.3 я 7

©Ажіғалиева У.А., 2006

©С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2006



Кіріспе
Музыкатану ғылымының бір саласы – оркестрдің құрамын жан-жақты зерттейтін аспаптану ғылымы. Оның өзіндік жүйесі мен жолдары, ережелері мен талаптары бар. Алдымен соларды терең зерттеп білмей, түсініп ден қоймай музыкант, өнерпаз үшін өте қажет аспаптану ғылымының сыр-сипаттарына бойлай еніп, сауаттылықпен игеріп кету әсте мүмкін емес. Осы орайда алдымен аспаптану ғылымының негізгі мақсаттары мен міндеттерінен бастаған жөн болмақ.

Аспаптану ғылымы музыкалық шығармаларда сауаттылықпен орындау үшін де, жалпы музыкалық шығармаларды тыңдаушыға өзінің бәз қалпында жеткізу үшін де керек.


Аспаптану ғылымы атап айтқанда:


а) аспаптардың түрлері, атқаратын қызметі, оркестрдегі орнымен таныстырады;

ә) олардың құлақ бұрауы, дыбыс көлемі (диапозоны) және дыбыс аумағы (регистрі) жайлы түсінік береді;

б) сондай-ақ аспаптардың дыбыс бояулары (тембрі), олардың табиғи қасиеттері мен ерекшеліктері және өзара үндестігі жөнінде мағлұмат береді;

в) оркестр құрамындағы да аспаптардың түрлі қағыстарымен (штрихтарымен) және дыбысты құбылта шығару әдістерімен таныстырады.

Аспаптанудағы көңіл аударатын маңызды мәселе – барлық аспаптар үнінің бір арнадан шығуы. Оркестр үнінің бір әуенге ұласып, шығарманың көп дауысты тұтастық сипатын беру үшін бұл өте қажет. Оның өзі оркестрдің қай түрі болмасын, сол оркестр дауыстарының сан жағынан өзара тепе – теңдік (пропорциялық) жағдайын сақтауына байланысты шығады.

Өзара тепе – теңдік қатынасы шамамен мынадай ережеде болады:

1) жоғары регистрлі үш аспапқа орта регистрлі (қоңыр дауысты) екі аспап пен төмен регистрлі бір аспап тең болады.

2) оркестр құрамындағы қазақ халық аспаптары үні жағынан ұяң дауысты болып келеді. Айталық тенор – домбыраның дыбысы плекторлы аспаптар тобына қарағанда әлсіз естіледі. Осы жағдайды ескере отырып, тенор – домбыраны жоғарғы кестедегі құрамның орта регистріне қосып, сан жағынан екі есе көбейту керек. Яғни сонда төрт тенор - домбыра болады.

Сонымен халық аспаптары оркестрінің құрамы төмендегі аспаптар тобынан құралады:

а) плектрлі (медиатормен ойналатын) аспаптар тобына пиккало

домбыра, прима – домбыра, альт – домбыра, бас – домбыра, контрабас домбыра.

б) шертіп немесе қағып ойналатын домбыралар тобына тенор домбыра.

в) тілді аспаптар тобына 1 сырнай (сопрано), 2 сырнай (меццо-сопрано), 3 cырнай (альт), 4 сырнай (бас).


г) ұрып ойналатын аспаптар тобына кіші дауылпаз, үлкен дауылпаз (белгілі дыбыс жоғарылығы бар), үшаяқ, табақша;

д) ысқышты аспаптар тобы (бұл топты квинтет деп те атайды) прима қобыз, альт қобыз, бас қобыз, контрабас қобыз жатады.

Демек, халық аспаптары оркестрі негізінен осы бес топтан құралады. Оркестр құрамындағы жоғарыда айтылған осы аспаптарға жекелей тоқтап, олардың өзіндік ерекшеліктері – құлақ бұрауы, дыбыс көлемі, регистрі, тембрі және оркестрдегі орны жайында сөз етеміз.
1 - ші кесте – Аспаптардың тепе теңдік көрсеткіші


Жоғарғы регистр

Саны

Орта регистр

Саны

Төменгі регистр

Саны

1

2

3

4

5

6

Прима домбыра

Прима қобыз

1 сырнай


1

1

1



Тенор-домбыра

2

Бас-домбыра немесе бас қобыз яғни контрабас

1



1 Плектрлі аспаптар
Пикколо-домбыра. Бұл-халық аспаптарының ішіндегі көлемі жағынан ең кіші, дыбысы өте жоғары, сым ішекті, медиатормен ойналатын музыкалық құрал. Пиккалоға үш ішек тағылады. Құлақ бұрауы квартаға (оң бұрау) түсіріледі.

Оркестр құрамындағы аспаптардың бірқатарының дыбысы жоғары естілгенімен, нотада бір октава төмен жазылады. Немесе керісінше болады. Мұндай аспаптар ауыспалы (транспонирующий) деп аталады. Сөз етіп отырған пикколо-домбыра осыған жатады. Оркестр құрамына кіретін аспаптардың қай-қайсысы болсын өзінің дыбыс бояуы жағынан үш регистрден тұрады.

Оркестрде осы үш аумақтың ортаңғы және жоғарғы регистрлерін пайдалану сапалы нәтиже береді. Бұл арада айта кететін жай – төменгі аумақта бастапқы үш дыбысты пайдаланудың қажеті жоқ. Бұл үш дыбысқа прима – домбыра көмектеседі.

Пикколо – домбыра оркестрдің ең жоғарғы дыбыс кеңістігін қамтиды. Музыкалық шығармалардың шарықтау шегін бейнелеген кезде өткір дыбысы арқылы оған ерекше бояу береді. Пикколо – домбырада тремоло, пиццикато, стаккато, легато, нон легато қағыстары қолданылады.

Прима – домбыра. Прима – домбыраның бұрауы: ми, ля, ре дыбыстары. Дыбысы екінші октаваға скрипка кілтінде жазылып, нотада жазылғанындай естіледі. Аспап дыбысының жалпы көлемі бірінші октаваның ми нотасынан үшінші октаваның ми нотасына дейінгі аралықты қамтиды. Прима – домбыра өзінің ұлттық формадағы түрін сақтаған, сым ішекті, өткір дауысты музыкалық аспап. Ол оркестрде дыбысы қоңырқай, жұмсақ шығатын тенор домбыра мен бас аспаптарға жарқын үн қосып, шығарманы жандандырып, құлпыртып отырады.

Прима – домбырада үш регистр де қолданылады (яғни, төменгі, ортаңғы және жоғарғы аумақтардағы дыбыстар толығымен пайдаланылады). Прима – домбыраның пикколо – домбыраның қағыстарынан өзгешелігі жоқ. Тек ескерте кететін жай: прима – домбыраға оркестрде музыкалық шығарманың негізгі өзегі - әуен, шығарманың жанама тақырыптары (побочные темы) және қостаушылық немесе сүйемелдеушілік (аккомпанемент) жұмыстары жүктеледі. Қостаушылық әрекетінде примаға гармониялық аккордтар (қос дыбыстар) да беріліп отырылады. Прима – домбыра музыкалық шығармаларды орындауда оркестрде жан-жақты қызмет атқаратын белсенді аспаптардың бірі.

Альт домбыра. Бұл - өзінің көлемі жағынан примаға қарағанда үлкендеу, сым ішекті, медиатормен ойналатын қоңыр үнді аспап. Өзіне тән штрихтар ішінде негізінен тремоло қағысы қолданылады. Тремоло арқылы әндете шыққан қоңыр үн жүрекке жылы құлаққа жағымды естіліп, симфониялық оркестрдегі валторна аспабын еске салады. Альт аспабында да үш сым ішек бар. Ол прима – домбыра тәрізді ми, ля, ре дыбыстарына бұралады. Альт аспабының дыбысы партитурада негізінен альт кілтінде жазылады. Бірақ тәжірибеде көбіне скрипка кілтінде жазылып жүр. Альт домбыра да ауыспалы аспаптар қатарына жатады. Өйткені бұл аспаптың дыбысы нотада естілуінен бір октава төмен жазылады.

Альт аспабының тағы бір ерекшелігі – оркестрде прима-домбыраныңтөменгі дыбыстарына немесе бас-домбыраның жоғарғы дыбыстарына көмектесіп отырады. Қағысы жағынан прима-домбырадан айырмашылығы жоқ. Оркестрде негізгі әуенді орындаумен қатар сүйемелдеушілік міндетін де атқарады.

Тенор – домбыра. Бұл өзіміздің күнделікті өмірде қолданылып жүрген қос ішекті домбыра. Енді бұл аспаптың оркестрдегі алатын орны мен атқаратын міндетіне келейік. Тенор домбыра квартаға, яғни кіші октаваның ре, соль дыбыстарына, сондай-ақ, квинтаға, да бұралады. Бірақ, дыбысы скрипка кілтінде жазылады. Сондықтан, тенор-домбыра да ауыспалы аспаптар тобына кіреді. Жоғарыда айтылған аспаптар сияқты тенор-домбыра да үш дыбыс аумағынан құралады төменгі аумақ, ортаңғы аумақ, жоғарғы аумақ.

Тенор-домбырада сан алуан, қағыстар кездеседі. Солардың ішінде оркестрде ең көп қолданылатын түрлері:

а) батыс қазақстан дәстүріндегі күйлерде кездесетін қағыс, яғни қос ішекті сұқ қолдың сыртымен төмен, бас бармақтың сыртымен жоғары ерсілі-қарсылы қағу;

б) шертпе күйлердегі жеке ішекте кездесетін қағыс, яғни шынашақтан бастап төрт саусақтың сыртымен төмен қарай даралап, сұқ қолдың іш жағымен жоғары қарай ерсілі – қарсылы қағу;

в) пиццикато қағысы жеке ішекті ерсілі-қарсылы сұқ қолмен және бас бармақпен төмен қарай орындалады;

г) тремоло қағысы ішекті бірінші саусақпен ерсілі-қарсылы өте тез қағу арқылы орындалады. Тремоло жеке ішекте де, қос ішекте де қолданылады.

Оркестрде музыкалық шығармалардың қандай түрін болса да орындауда тенор домбыраның алатын орны ерекше. Мысалы, симфониялық оркестрдегі тромбон, валторна және кларнет аспаптарының дыбыс бояуы халық аспаптары оркестрінде тенор-домбыраға жүктеледі. Атап айтқанда, М. Глинканың «Вальс - фантазиясы» М. Мусоргскийдің «Сорочин жәрмеңкесі» операсынан «Гопак» биі, П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен «Вальс» тәрізді шығармаларды орындағанда тенор-домбыра жоғарыда аталған аспаптардың қызметін атқарады.

Егер тенор домбыраға оркестрде сүйемелдеушілік қызмет жүктелсе, мына жағдайларға міндетті түрде көңіл бөлген шарт:

а) бірінші, екінші тенор партияларын оркестрге түсіргенде бір дыбыс аумағынан аралары тар интервалдар бермеу керек. Өйткені мұндай интервалдар оркестрдің жалпы дыбыс күшін төмендетеді.

ә) жеке ішектерде, әсіресе, төменгі дыбыс аумақтарынан даралап берілген дыбыстар да оркестрдің үнін әлсіретеді.

Бас және контрабас домбыралар. Бұл екі аспап оркестрде музыкалық шығарманың гармониялық дыбыстарын жүргізеді және оның ырғақтық ұстамдылығын сақтайды. Бас-домбыраға кейде жеке тақырыптар да беріледі. Бас-домбыра керекті жағдайда альт партияларына да көмектесіп отырады. Негізінен, бұл екі аспап ішектерінің жуандығына және пернелерінің орналасуына байланысты аса күрделі партияларды орындай алмайтындығын ескерген жөн. Екеуінің де дыбыстары бас (фа) кілтінде жазылады. Бас- домбыраның төменгі дыбыстары әлсіз естілетін болғандықтан, бұған контрабас – домбыраның жоғарғы регистрі қатысып отырады.

Бас және контрабас аспаптары арнайы жасалған қатты былғары медиатормен ойналады. Қағыстардың негізгі түрлері бұл екі аспапта да қолданылады. Оркестрдің қалған құрамы басқа аспаптар тобымен толықтырылады.


2 Тілді аспаптар
Халық аспаптары оркестрінде тілді аспаптап сырнайлар тобынан құралады. Қазақ халқының музыкалық өмірінде сырнай аспабы қолданылып келгені мәлім. Халық композиторлары Жаяу Мұса, Майра, Шашубай; Кенен Әзірбаев т.б өнер иелері сырнайды тамаша меңгеріп оны домбырамен қатар қойған. Сондай-ақ бұл аспап ел арасында да кең тараған. Қазақ халқының музыкалық өмірінен сырнай аспабы жайлы деректер мен дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Алайда, біз ол тақырыпты қозғамай-ақ, сырнайдың халық аспаптары оркестріне енуі және басқа да ерекшеліктеріне тоқталуды жөн көрдім.

Қазақ халық аспаптары оркестрінің дыбыс қуатын, дыбыс бояуларын жан-жақты байытуда домбыра мен қобыздың түрлері сияқты сырнай аспабы да маңызды міндет атқарады.

Сырнайдың тұрқы ұзынша, сыртқы ұлттық өрнектермен безендірілген. Дыбыс тілдері үш қатар, тек оң жағына қатар орналасқан, баяндағыдай сол жақтағы бас дыбыстары болмайды. Орындаушының ыңғайына қарай төмендетіліп, не жоғарлатылып отыратын таяқшасы болады. Дыбысы баян, гормонь, аккордеон аспаптарынан мүлдем өзгеше естіледі, домбыра және қобызбен үндес келетін сыбызғы сарындас болады. Сырнай аспабы төрт дауысқа бөлінеді. Олар: ең жоғарғы дауыс-сопрано, одан төменгі дауыс-меццо, қоңыр дауыс альт және ең төменгі дауыс бас болып саналады.

Бұлар басқа аспаптардай емес, тұрақты бұрауда болады. Сондықтан, олардың әрқайсысының дыбыс көлемдерімен танысамыз.

Бірінші сырнайдың дыбыс көлемі бірінші октаваның до дыбысынан төртінші октаваның до дыбысына дейінгі, екінші сырнайдың дыбыс көлемі кіші октаваның си дыбысынан үшінші октаваның ля дыбысына дейінгі, үшінші cырнайдың дыбыс көлемі кіші октаваның соль дыбысынан үшінші октаваның ля дыбысына дейінгі, төртінші сырнайдың дыбыс көлемі үлкен октаваның до дыбысынан екінші октаваның до дыбысына дейінгі аралықты қамтиды.

Сырнай аспаптары дыбысының естілуі жазылуына сәйкес болады. Бұл аспаптардың кәсіби оркестрлерде қолданылып жүрген нұсқалары ел ішіндегі көркемөнерпаздардың халық аспаптары оркестрлеріне әлі күнге дейін таралмауына байланысты, оларда сырнай орнына баян пайдаланылады. Жалпы алғанда тілді аспаптар тобы – құрылысы жағынан күрделі, дыбыс аумақтарына бай, техникалық орындау мүмкіндіктері жеткілікті аспаптар. Бірақ та, баянның табиғатына тән ерекшеліктерін ескерген жөн:

а) бұл аспаптың сол жақ дыбыстарын (жеке немесе аккорд қалпында) оркестрде пайдаланудан аулақ болу керек. Баянның бұл дыбыстары оркестрдің сүйемелдеуші тобына (тенор, бас, контрабас-домбыраларға) беріледі;

б) баянның бас дыбыстарының әсіресе, аккордтардың құрылу структурасы музыкадағы теориялық заңды толық сақтай алмайды. Айталық, бас дыбысындағы аккордта тұрақсыз дыбыстардың тұрақты дыбыстарға құлаққа жағымды түрде көшу заңдылықтары ережеге қайшы келеді;

в) сол жақ клавиатураның басты кемшіліктерінің бірі – мұнда тек қана мажор мен минордың тұрақты дыбыстары және доминантсептаккорд қана орналасқан. Сондай-ақ бұл аккордтар тығыз орналасу қалпында берілген. Ал, музыкада бұлардан басқа да толып жатқан аккордтар бар. Бұлар баянда жоқ. Жоғарыда айтылған кемшіліктер оркестрдің гормониясына сөзсіз қайшылық тудырады.

Сонымен, қорыта айтқанда оркестрге музыкалық шығарманы түсіргенде баянның осындай қайшылық жақтарын естен шығармау керек. Демек, оркестрлік шығармаларды баян репертуарынан гөрі фортепианолық клавирден түсірген нәтижелі болады.



3 Ұрып ойналатын аспаптар
Бұл топқа дауылпаз, үлкен дауылпаз, үшаяқ және табақша аспаптары кіреді. Дауылпаздың сыртқы көрінісі қазанша тәрізді болып келеді, беті керілген қалың көн терімен тартылған. Дауылпаз ойнаған кезде орнықты тұруы үшін жиналмалы айқасқан үш сирақтың үстіне орнатылады. Дауылпаз аспабы басына киіз оралған қос таяқшамен тері бетіне ұру арқылы ойналады. Дауылпаздар белгілі дыбыстарға бұралады. Жалпы дыбыс көлемдері үлкен октаваның си нотасынан кіші октаваның соль нотасына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аспаптардың белгілі дыбыстарға бұралуы ойналатын музыкалық шығарманың тональдылығына байланысты жүзеге асырылып отырады. Бұл аспаптар оркестрде негізгі әуенді сүйемелдейді және оның ырғағы мен дыбыс күшін (динамикасын) анық баса көрсетеді.

Үшаяқ сыртқы көрінісі тең қабырғалы үш бұрышты келген жіңішке темірден жасалған аспап. Ол жіңішке сым таяқшамен ойналады. Үшаяқ жоғарғы регистрлі аспаптармен тамаша үндесіп отырады. Әуеннің ырғағын нақты көрсетуде бұл аспаптың оркестрдегі орны ерекше.

Табақша (тарелка) – шынында да, тарелкаға ұқсас, жезден жасалынған аспап. Бұл аспап оркестрде шығарманың динамикасын, ырғағын көрсетеді.

Табақша кей кездерде оркестрдің жалпы дыбысының өрістеуін, әсіресе, шығарманың шарықтау шегін баса көрсетісе, ал кейде оның салтанатты екпінін сипаттауда ерекше көзге түседі.


4 Ысқышты аспаптар
Прима-қобыз – оркестрде атқаратын ролі жағынан скрипкаға өте жақын аспап. Құлақ бұрауы квинтаға түсіріледі. Ежелден халық арасында қобыз екі шекте болған және қылдан жасалған ысқышпен ойналған. Ал, бүгінгі прима-қобыздың ішектеріне скрипка ішектері (аккордтары) пайдаланылады. Нотасы скрипка кілтінде жазылып, сол күйінде естіледі. Скрипканың ысқышымен ойналады.

Қобыздың бұл түрінің үні жүрекке жылы, мұңды келеді. Әсіресе, шығарманың шалқымалы, кең тынысты бөлімдерінде оркестрге ерекше үнділік береді. Сондықтан да қазақ халық аспаптары оркестрдің ең бір өзекті аспабы ретінде қолданылады.

Жалпы қобыздар тобының бәрі де кәзіргі кезде төрт шекке көшірілді. Прима – қобыздың төртінші ішегі кіші октаваның соль дыбысына, үшінші ішегі бірінші октаваның ре дыбысына, екінші ішегі бірінші октаваның ля дыбысына, бірінші ішегі екінші октаваның ми дыбысына түсіріледі. Жалпы дыбыс көлемі кіші октаваның соль дыбысынан үшінші октаваның ля дыбысына дейінгі аралықта болады.

Альт-қобыздың үні прима қобызға қарағанда төмендеу болады. Нотасы альт кілтінде жазылып, сол күйінде естіледі. Құлақ күйі прима-қобыз сияқты квинта бұрауына түсіріледі. До, соль – кіші октавада және ре, ля бірінші октавада бұралады. Дыбыс көлемі-кіші октаваның до дыбысынан үшінші октаваның ми дыбысына дейінгі аралық. Альт-қобыздың басқа да барлық қасиеттері прима-қобызға ұқсас.

Бас қобыздың төрт ішегі бар. Құлақ күйі квинтаға бұралады. До, соль-үлкен октавада, ре, ля кіші октавада жазылады, естілуі де жазылғанындай бас кілті бойынша дыбысталады. Жалпы диапазоны жағынан алғанда үлкен октаваның до дыбысынан екінші октаваның до дыбысына дейінгі көлемдегі дыбыс кеңістігін береді. Оркестрдің дыбыс бояуын түрлендіруде, үн-сазын байытып, гармониялық өрісін кеңейтуде бас-қобыздың атқаратын міндет-мүмкіндігі зор, оның дауысы өте мәнерлі, құлаққа жағымды естіліп, әндетіп шығады. Қобыздың осы үш түрі де оркестрде шығарманың негізгі әуенін жүргізумен қатар, сүйемелдеушілік міндетін де атқарып отырады.

Контрабас қобыз. Бұл аспаптың құлақ бұрауы квартаға түсіріледі, дыбысы бас кілтінде жазылады. Оркестрде сүйемелдеушілік міндет атқарады. Жалпы алғанда, оркестрдің ырғағын ұстап тұратын аспап. Ол музыкада ең жуан дыбыстың гармониялық аккордына пайдаланылады. Контрабас – шағын ансамбльдерде, квинтет, квартеттерде пайдалануға болатын, өзінше ерекше орны бар аспап. Басқа аспаптарға қарағанда баяу ойналғанымен оркестрдің дыбыс өрісін кеңейтіп, үнін қоюластыра түседі. Контрабас-қобыздың бұрауы: ми-контроктава (IV ішегі), ля-контроктава (III ішегі), ре-үлкен октава (II ішегі), соль үлкен октаваның (I ішегі) дыбыстарына түсіріледі. Бұл да ауыспалы аспаптар қатарына жатады, дыбысы төмен естіледі де, бір октава жоғары жазылады.

Қобыздар туралы шағын ғана мағлұмат беріп отырған себебіміз, оларды басқа аспаптардай қысқа мерзім ішінде үйреніп, меңгеру мүмкін емес. Бұлар ұстаз – мамандардың аздығына және мамандардың тапшылығына байланысты кез келген оркестрлерде, соның ішінде көркемөнерпаздар коллективтерінде кездесе бермейді. Бұл еңбек халық аспаптары оркестрлерін ұйымдастырушыларға көмекші әдістемелік құрал болғандықтан, әр жерде өз мүмкіндіктеріне лайықты оркестр құру үшін үйренуге жеңіл түсетін аспаптар тобына баса көңіл аударып отырмыз.
5 Музыкалық тұжырым тәсілдері
Музыка – табиғаттың адам өмірінің сан алуан құбылыстарын музыка тілі арқылы суреттейтін өнердің бір түрі. Яғни музыка адамның сезім дүниесін, көңіл күйін, қуанышы мен қайғы-мұңын, аңсаған арманын, өмір сүрген қоғамы мен тіршілік тынысын, қоршаған ортасын өзінің нәзік тілі, көркем үнімен баяндайды. Ал, көркем үнмен баяндауды композитор тыңдаушысына белгілі музыкалық тұжырым тәсілдері арқылы жеткізеді.

Қандай болсын музыкалық шығарманы оркестрге түсіру үшін, ең алдымен, музыкалық тұжырым тәсілдері жөнінде түсінік алуымыз керек. Тұжырым тәсілдері дегеніміз не? Ол қандай элементтерден тұрады? Міне енді осыларға талдау жасап көрейік.

Музыкалық шығарманың (ән, күй т.б.) құрылысына көңіл аударып қарасақ, ол, ең алдымен, әуеннен (шығарманың негізгі), гармониядан (әуенді сүйемелдеуші), ырғақтан (ритм), екпіннен (темп) және тағы басқа элементтерден тұрады. Демек, осы айтылған элементтер тобы музыкалық шығарманың тұжырым тәсілдері деп аталады.

Әуен (мелодия-грек сөзі, қазақша ән салу деген мағынаны білдіреді) – музыкалық шығарманың негігі өзегі, әрбір ұлттың ежелден қалыптасқан өзіне тән әуені болады. Мысалы, қазақ пен орыс әндерінің арасындағы өзгешеліктерді олардың ладтық, ырғақтық ерекшеліктерінен-ақ байқауға болады. Бұл өзгешеліктермен қатар әуен мазмұны мен табиғатына қарай шырқамалы, кең тынысты, күрделі сезімге толы, мұңды, ойлы, ал кейде жеңіл, ойнақы немесе көңілді, күлдіргі т.б. болып келеді.

Гармония (грек тілінен алынған, қазақша – байланыс, үндестік деген ұғым білдіреді) – аккордтар туралы ғылым. Гармония – музыкалық шығармада әуеннен кейінгі ең басты элементтің бірі. Ол әуеннің өзіне тән ерекшелігін және оның естілу қарқынын баса көрсетумен қатар, шығарманың ең басты жүйесінің бірі ретінде қызмет атқарады.

Ритм (грек тіліне алынған, қазақша ырғақ деген түсінік береді) – музыкалық ұзақтықтар мен акценттердің өзара кезектесу тепе-теңдігі. Ырғақ ұзақ дыбыстардан қысқа дыбыстарға көшкен жағдайда, әуенді ширатып, қуатын күшейтеді. Керісінше, қысқы дыбыстардан ұзақ дыбыстарға түскенде, әуенді сабырлы, саябыр арнаға енгізеді.

Темп (латын тілінен енген сөз, қазақша түсінігі - екпін) – музыкалық шығарманың орындалу жылдамдығын көрсетеді. Әдетте екпінге қосымша ретінде шығарманың орындалу сипатын (характерін) көрсететін терминалогиялық ұғымдар жазылып отырылады. Мысылы: «Тез, ойнақы» («Быстро, игриво») десек, яғни шығарманың тез ойналуымен қатар ойнақы сипаптта болуы керек.

Адам организмінде жүректің атқаратын қызметі қандай болса, шығарманың басты элементі екпін де музыкада сондай қызмет атқарады.

Фактура (латын тілінен алынған сөз, қазақшасы – жасау, өңдеу) дыбыстардың музыкалық құрылысы, олардың техникалық жиыны, музыкалық шығармалардың негізгі элементтерінің құрамы. Фактура мына элементтерден тұрады:

а) әуен;


б) әуендік жанама дауыстар (мелодические подголоски);

в) сүйемелдеуші аккордтар.

Міне осылар фактураның қай түрінің болса да жасалуы үшін негізгі элементтер болып саналады. Ал, бұлар музыкалық шығармаға түгелдей қатысатын болғандықтан, олардың әрқайсысының өз алдына орны болуы да заңды жағдай. Бұл фактураның сипат ерекшелігінен туындайды деп білсек, енді осы ерекшелік бойынша, музыкалық шығармада жоғарыдағы айтылған элементтердің бірі жетекшілік, бірі тәуелділік қызметін атқарады деген қортынды шығады.
6 Фактураның негізгі түрлері
Фактураның негізгі түрлеріне мыналар жатады:

а) гомофониялық фактура;

ә) полифониялық фактура;

б) аралас фактура.

Енді осы үшеуінің бір-бірінен айырмашылығына қысқаша түсінік берейік. Гармониялық фактурада әуен негізгі роль атқарады да, қалған элементтер соған бағынышты болып, тек қана сүйемелдеушілік қызметіне ие болады. Ал, полифониялық фактурада дауыстар бір-біріне бағынышты болмайды. Фактураның бұл түрі әрқайсысы өз алдына жеке-жеке қызмет атқаратын бірнеше әуендік дауысиардан тұрады. Жоғарыдағы екі фактураның қосынды түрі аралас фактура деп аталады. Іс жүзінде, яғни тәжірибеде, фактураның гомофониялық түрі көбірек орын алады.

Фактураның сүйемелдеушісі немесе аккордтары жайында.

Фактура аккордтарының түрлері көп. Солардың ішінде бастылар мыналар:

а) ұстамды аккордтар фактурасы (хоральная фактура) немесе арпеджиолық фактура (гусельная фактура);

ә) гармониялық фигурация.

Есте болу үшін солардың ішінде мына түрлерін фортепианолық фактура, оркестрлік фактура, хор фактурасы, баян, гитара фактураларын (осы аталып отырған аспаптарға лайықталған түрлері) атап кетуге болады.


7 Шығармаларды оркестрге түсіру
Композитор өзінің шығармасын белгілі бір аспапқа арнап жазады. Мәселен, А. Жұбановтың көпшілікке таныс «Би күйі» домбыра аспабына арнап жазылған. Бұл шығарма өзінің әсем сазымен әсерлі де тартымды. Перне бойынан шыққан күмбір үн бастан-аяқ көңілді би ырғағында берілгендіктен, тыңдаушысын елітіп, көңіл күйін сергітіп тастайды. Күй бойындағы әсем ырғақ пен күміс қоңыраулы саз оркестрге түсіргенде одан сайын ерекше ажарға ие болады.

Осы күйді оркестрге түсіру үшін дирижер (не түсіруші маман), ең алдымен күйдің аспапқа жазылған түрін жете меңгеріп алуы керек. Яғни, күйдің характерін, тональдылығын, оның өлшемі мен ырғағын, екпіні мен қағыстарын буындары мен буынара ерекшкліктерін және дыбыс көлемін зерттеп, талдау – аса қажетті де міндетті жұмыс. Сонымен бірге, күйдің мазмұнына байланысты штрихтарын, динамикалық және агогикалық (қозғалыс, қимыл өзгерістері) белгілерін игеру керек.

Дирижер оркестрге түсірмекші болған музыкалық шығармасын интерпретациялық талдауынан өткізіп, өз ой-пікірі, қияли автор ойымен ұштасып, ұласқаннан кейін ғана жұмысын бастайды. Бұл жерде дирижердің жеке басының қабілеттілігі де қажет. Ең алдымен ол бір аспапта шебер ойнайтын музыкант әрі оркестр құрамындағы аспаптардың жетік білгірі болуы тиіс. Сонымен қатар музыкалық шығарманың табиғатын, сыр-сипатын ашу дирижердің көпшілік коллективпен жұмыс істей білуіне де байланысты. Өйткені, коллективтегі адамдардың қабілеті де, мінез құлқы да әр түрлі болады. Олардың өнерін және мінез-құлықтарын бір арнаға тоғыстырып, автордың жеке өзінің ойынан шығару үшін дирижер тапқыр, сабырлы, алғыр және қажырлы болуы тиіс. Қорыта айтқанда дирижер – оркестрдің басты тұлғасы, шығармашылық ұжымның тәрбиешісі.
8 Партитура
Партитура (итальянша – бөлу, орналастыру) дегеніміз – дауысиар жиыны. Оркестр құрамындағы аспаптардыдауыстары мен тембріне қарай үлкен нота парағына баған түрінде (жоғарыдан төмен қарай) топтастырып жазады.

Музыкалық шығармадағы элементтер (әуен, гармония, бас, т.б.), яғни фортепианолық фактура партитурада көрсетілген осы аспаптарға бөлініп жазылады. Мұны оркестр фактурасы деп атайды. Немесе оркестрге түсіру дегеніміз – фортепианолық фактураны оркестр фактурасына айналдыру деген сөз.


9 Оркестр құрамының фактурасы
Тональдылық белгілеу оркестрге түсіру жұмысында маңызды орын алады. Өйткені, шығарманы жазар алдында композитор оның мазмұнына лайық тональдылығын белгілейді. Сондықтан оркестрге түсірерде автор көрсеткен тональдықты мүмкіндігінше сақтауға тырысу керек. Ал, бұл шарт кей жағдайда мынадай себептермен сақталмай қалады:

а) оркестр құрамындағы плектрлі аспаптар тобының техникалық мүмкіндігіне автор көрсеткен тональдылық ыңғайлы болмауы мүмкін;

б) автор атап көрсеткен тональдылық әншінің дауыс көлеміне (диапозонына) сәйкес келмесе, оны сүйемелдеуші оркестр әнші дауысына түсіріледі (лайықталынады).

Міне осы екі себептен мынадай қортынды шығады:

1) тональдылықты белгілегенде оркестрге түсіруші оны оркестр құрамындағы (әсіресе, плектрлі топтардың) ашық ішектеріне бейімдеу керек. Яғни, плектрлі топтың бұраулары ми, ля, ре болса, оркестр үшін мына тональдылықтар ыңғайлы болады: ми минор, ля мажор, ля минор, ре мажор, ре минор;

2) егер оркестрге күйлерді түсіретін болсақ, мұнда домбыраның тенор ашық ішегіне байланысты соль мажор, соль минор, ля мажор, ля минор, ре мажор, ре минор тональдылықтары белгіленеді;

3) көп таңбалы тональдылықтар (төрттен астам) оркестр мүшелерінің оқуына да және аспаптардың техникалық мүмкіндіктеріне де қиындық тудырады. Сондықтан, тональдылық белгілеу жұмысында бұл жағдайларды да ескеру керек.

Фактуруның қай түрін алсақ та, дыбыс күші, тембрі, штрихы, регистрі мен динамикалық мүмкіндігі жағынан оркестр фактурасына тең келмейді. Ең жан-жақты, мүмкіндігі зор фортепиано аспабы да музыкалық шығарманы орындауда автордың негізгі тілегінен шыға алмайды.



Әдебиеттер
1 Өтеғалиев С. Маңғыстау күй өнері. – Алматы, 1997. – Б 12

2 Мүптекеев Б., Медеубекұлы С. Жетісудың күйлері. – Алматы, 1998. – Б. 6-13

3 Ахмедиаров Қ. Күй – ұран. – Алматы, 2001. – Б. 336

4 Балмағанбетов С. Қазанғап. – Ақтөбе: ЖШС «Ақжар - АБК», 2005. – Б.120

5 Жүсіпов Б. Жиделі Байсын күйлері: оқу құралы. – Алматы: «Ғылым», 2000. – Б. 288

6 Тоқтаған А. Құрманғазы. – Алматы: Білім, 2005. – Б. 216


7 Райымбергенов А., Аманова С. Күй қайнары. – Алматы: Өнер, 1990. – Б. 288

8 Сахарбаева Қ. Атырау ән-күй мұхиты. – Алматы: «Дайк Пресс», 2001. – Б. 21

9 Сахарбаева Қ. Домбыра күй дастан. – Алматы: - Мектеп, 2002.

– Б. 43


10 Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, 2002. – Б. 832

11 Тоқтаған А. Тәттімбет және Арқа күйлері. – Алматы: Білім, 2005. – Б.184







с. 1

скачать файл

Смотрите также: