"Қиын" балаларды тәрбиелеуде жүргізілетін форма мен әдістер


с. 1

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (61) 2008

Ж.Ж. Керімбекова

"Қиын" балаларды тәрбиелеуде жүргізілетін форма мен әдістер


Бүгінгі таңда бастауыш мектептің негізгі міндеті - баланың бастапқы тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның қабілеттерін айқындау және дамыту болып отыр.

Өсіп дамып келе жатқан бала бойында алуан түрлі қасиеттер байқалады. Осы бір көп сырлы қасиеттердің жағымды, жағымсыз жақтарымен қатар, елеусіз мінез көріністері де бала бойында болады. Бала мінезінің жағымды жақтарына қайырымдылық, инабаттылық, сыйлаушылық, шынайы адалдық, жақсы-жаманды айыра білушілік, алдағы өмір жолына ұмтылушылық жатса, ал нашар мінез көріністеріне тұрақсыздық, өтірік айтушылық, өзімшілдік, беймазалық, ұшқалақтық сияқты қасиеттер жатады. Бала бойында назар салып бақылағанда байқалатын қасиеттерге: өзіне-өзі сын көзбен қарап, мінездегі кемшіліктерді сезіну, әділетті, әділетсіздікті аңғаруы, ойлаған мақсатын орындап шығу үшін шыдамы мен іскерлігі жатады. Егер бала мінезіндегі көріністер өмірімен сабақтасып, тәрбиемен ұштасса, бала қайырымды, бір сөзді, батыл жүректі, табанды болып ер жетеді. Ал бала бойында ынжық мінез қалыптасса, онда сылбырлық, жалқаулық, күйгелектік, қорқақтық мінездер пайда болады. Бала өскен сайын көп көріп, естіп білуге ұмтылады. Өз ойын айту, басқалармен достасу, пікірлесу сияқты мінез-құлық қальштасады. Баланың дамып, нықталып келе жатқан мінезін дұрыс жолға сала білудің маңызы зор [1].

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерге жүгінсек, тәрбиелеудің негізгі екі арнадан тұратынын көреміз. Біріншісі - бала көзін жеткізуі, екіншісі - жақсы әдет-ғүрыпқа дағдыландыру. Осы екі жолды қатар бір-бірінен ажыратпай байланыстыра жүргізсе, бала мінезі саналық жолға бағытталады.

Оқушының мінез-құлықының ерекшеліктерін анықтау үшін төмендегі тәсілдерді ұсынамыз:

1. Оқушының тәртібін сабақ үстінде және сабақтан тыс кезенде бақылау;

2. Оның қызметін талдау (әр пән бойынша дәптерлері, бақылау жұмыстары, шығармалары т. б.);

3. Оқушыдан оны не қызықтыратындығы және жақсы көретін сабақтары жөнінде әңгімелесу;

Қозғап отырған мәселеміз оқушылардың жеке басының қасиеттерін зерттеу болғандықтан, онымен жүргізілетін жұмыстардың әдіс-тәсілдеріне тоқталайық. Бала бойындағы бір күн байқалмаған қасиет екінші күні байқалып отырады. Сондықтан оқушыларға арналған күнделік жүргізу керек деп ойлаймыз. Онда әрі қысқа, нақты жазылады. Оқу жылы соңында "Мен қандай оқушымен" деген тақырыпта тәрбие сағатын өткізіп, жазылған психологиялық күнделікпен оқушыны таныстырамыз. Әр оқушының мінез-құлқына талдау жасап, сенің бойыңда мынандай жақсы қасиеттер бар. Сол үшін сені жұрттың бәрі ұнатады, сенің бойыңда мынандай жағымсыз қасиеттер бар деп, оның зиянды екенін түсіндіріп отыру қажет сияқты.


Кесте №1


Қиындықтар түрлері

Әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін сынып жетекшісі тек қана оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оның оқитын, тұратын жерін және қарым-қатынас жасайтын жақтарын білу қажет. Ол үшін әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ата-аналармен тығыз байланыста болуы керек: әңгімелесу, ата-аналар жиналысы, анкеталық сұрақтар қою, ата-аналардың психологиялық, педагогикалық білімдерінің деңгейімен танысу. Оқушының ары қарай жетілуінің бағдарламасын құрмастан бұрын, мұғалім оған әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы өзіндік бақылау және өзіндік талдау жасауға көмектеседі. Бұл мақсаттарда мына тақырыптарға әңгіме жүргізуге болады: "Сіз қарым-қатынас жасай аласыз ба?", "Жалқаулықпен қалай күресуге болады?", өнегелі тақырыптағы диспут, дискуссиялар: "Мен кіммін?", "Өзінді таны және жетілдір!", т.б. [2].

Сонымен оқушылардың өзіндік бағалауы қандай деңгейде екендігін анықтаймыз. И. Әбеуованың "Мінез-қулық мінбесі" мақаласы бойынша және мінез-құлқында қиындық бар оқушыларды анықтау жолдары оқулығына сүйене отырып, мінез-құлқында қиындығы оқушыларды анықтап, қиындықтар не себептен пайда болатынын мына кесте арқылы көруге болады.

Мектепке балалар көбінесе отбасынан мінез-құлқы қалыптасып келеді де, бұдан кейінгі оқу-тәрбие ісі оларға ата-анасы берген қабілеттерін шыңдау үшін бағытталады. Міне осы орайда балалардың бойындағы жағымды қасиеттерді оятып, жағымсыз әдеттерді жою талабы психологиялық, педагогикалық іс-әрекеттердің тиімділігіне байналасты. Балада тұрақты жағымды қасиеттер, дұрыс мінез қалыптасуы үшін мына негізгі шарттарды орындау керек деген ұсыныс береміз:

1. Баланың өз қолынан келетін іске толық ерік беру. Басқаның күшіне, көмегіне сеніп кетпей, өз қолынан келетін істе ғана ата-ана көмек көрсетіп жіберуге міндетті.

2. Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, тәртіпке бағындыру оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Баланы еркіне жібермеу оны жасқаншақ, қорқақ етеді, баланы бейбастық, ессіз, тентек етіп шығарады.

Сонымен педагогикалық тәрбие алу жағынан құлдыраған оқушылармен жұмыс істеудің тәсілдері мен негізгі жолдары неде?

Педагогикалық тәрбие алу жағынан құлдыраған оқушылармен жұмыс жүргізгенде негізгі принциптік жолдары төмендегідей:

Біріншіден, жасөспірімнің дамуына кедергі болатын мынадай себептер топтамасы бар:

а) жанұя жағдайының жасөспірімге кері әсері;

б) мектептегі сәтсіздіктер, мектеп ұғымы мен мектеп өмірінен оқушының тыс қалуы;

в) қоршаған ортаның әсері.

Тәрбие жұмысының стратегиялық бағыты жанұяны, мектепті, оқушыны, қоршаған ортаны қамтуы қажет.

Жанұяда ата-аналардың қиын балаға деген көзқарасын, қатынасын өзгертуді талап ету керек. Сонымен қатар мектептің де қиын балаға деген қарым-қатынасын өзгерту шарт. Егер жанұядағы тәрбие жұмысы ақсағанда оны мектеп орнын толтыруы қажет. Осылармен қоса қиын балалардың қоршаған ортасымен де жұмыс жүргізіп, олардың тәрбиесін дұрыс арнаға бұруға тырысу керек; егер ол мүмкін болмаса оқушыны бұл күдікті ортадан аластатуға жұмылу керек.

Мұндағы мақсат - оқушыларды ойландыру, асықпай, ақылға салып мәдениетті, интеллектуалды шешім қабылдауға үйрету, біреудің ақылымен жүрмей, бірақ "Серігіңнің де айтқанын ой елегінен өткіз", - дегендей шешім қабылдау.

Үшінші бағыт - денсаулық зақымдануының, жүйке тамыр бұзылуының психологиялық-педагогикалық тұрғыдан алдын алу жолдары. Мұнда да үш тұрғыдан алып қарауға болады.

Біріншісі - психологиялық тұрғыда. Баланың іс-әрекет, мінез-құлқына психологиялық тұрғыда баға беру. Мұнда оның нейродинамикалық, психологогиялық-физиологиялық, денсаулығына байланысты қарап, баланы сол өзінің өмір сүрген ортасына бейімдеу. Екіншісі - медициналық тұрғыда. Бұл баланың денсаулығына байланысты. Оның өзі құрбыларының бөлек ерекшеленуінің, соның ішінде психологогиялық-физиологиялық, неврогендік себептері, сол кемшіліктерді докторлардың жәрдемімен, дәрі-дәрмектің көмегімен емдеу. Үшіншісі - педагогикалық тұрғыда. Осы жоғарыда көрсетілген психологиялық медициналық тұрғыдан қаралған көмектерді педагогикалық тұрғыда жетілдіру, тәрбиелеу, түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру, сондай жағдайға жібермеудің алдын алу, профилактика жүргізу.

Бұл мәселені шешуде психолог, медик, педагог бірігіп, әр қайсысы өз жұмысына жауап іздеп тапса, онда мәселе онды шешіледі. Мысалы, медик баланың невроз болуының себебін педагогтардан білуі тиіс. Себебі, ол қарым-қатынастан туындаған проблема. Ал қарым-қатынас педагогиканың проблемасы. Ал невроздың не екенін педагогтар медиктерден білуі тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Блонский. П.П. Трудные школьники. - М., 1930.



2. Невский. И.А. О трудных школьниках. // Советская педагогика. 1969. -№7. -59-б.

Редакцияға 4.03.2008 қабылданды.
с. 1

скачать файл

Смотрите также: